Қазақстан Республикасында мемлекеттік материалдық
резервтің құрылу тарихы
1992 жылғы 22 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 582 Жарлығымен Қазақ ССР Материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі мемлекеттік комитетінің базасында Қазақстан РеспубликасыМатериалдық ресурстар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) құрылды. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 17 сәуірдегі № 344 қаулысымен Министрлік туралы ереже бекітілді. Министрлік республикамыздың халық шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасыныңмемлекеттік басқарудың орталық органы болып табылды.
Министрлікте ведомстволық бағыныстағы жеті республикалық және облыстық көтерме-делдал фирмалары, коммерциялық орталықтар, қайталама шикізатты дайындау және өңдеу жөніндегі кәсіпорындар, ыдыс жөндеу, өндірістік, жобалау және басқа кәсіпорындар болды.
1992 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 1006 Жарлығымен Министрлік Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті болып таратылды. Мүліктерді және істерді басқару бойынша функциялар мен өкілеттіктер республикалық «Казконтракт» («Казконтракт» АҚ) келісім-шарт корпорациясына берілді. Комитет республиканың мемлекеттік және жұмылдыру резервтерін басқаруды, олардың сандық және сапалық сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1994 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен комитеттің орталық аппаратының құрылымы бөлімдер бойынша бекітілді.
1995 жылғы 19 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 2541 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті болып қайта құрылды. Комитет Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқарудың орталық органы болып табылды.
1997 жылғы 4 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 3377 Жарлығымен Комитет таратылды. Мүліктерді және істерді басқару бойынша функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне берілді (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті).
1998 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 3958 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті таратылды. Мүліктерді және істерді басқару бойынша функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне берілді. 1999 жылғы 27 тамыздағы Үкімет қаулысымен Комитет туралы ереже бекітілді. Комитет Министрлік құзіреті шегінде мемлекеттік материалдық резерв жүйесінде және жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында, сондай-ақ осы мәселелер бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын ведомство болды.
2000 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 507 Жарлығымен Комитет таратылды. Мүліктерді және істерді басқару бойынша функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігіне берілді. Агенттіктің негізгі функциялары мыналар болды: мемлекеттік материалдық резерв жүйесін қалыптастыру және дамыту; мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының сандық және сапалық жағынан сақталуына бақылау; мемлекеттік резерв саласындағы ҚР заңнамасының сақталуына бақылауды өз құзіреті шегінде қамтамасыз ету.
2004 жылғы 29 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің № 1449 Жарлығымен Агенттік Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті болып таратылды. Таратылған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік материадық резервтер жөніндегі агенттігі базасында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды.
2014 жылғы 6 тамыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 875 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі таратылды. Мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне берілді. Комитет Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті болып атауын өзгертті.
2016 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 350 Жарлығымен Комитет таратылды. Жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Комитет Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті болып атауын өзгертті.
- Опубликовано: 02 Декабрь 2016
- Обновлено: 29 Март 2017
- Создано: 02 Декабрь 2016
- Просмотров: 12523