Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы − ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы − 1:2.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады.
Геральдика тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттеріне сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелесе, дала бүркіті қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктіктің белгісі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы − дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде − бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "Қазақстан" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "Қазақстан" деген жазу − алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.
Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі.
Елтаңба төбесінде бес бұрышты жұлдыз бар. Әр адамның өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады. Мемлекеттің де осындай жұлдызы болуы керек.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы
- Опубликовано: 25 Ноябрь 2016
- Обновлено: 25 Ноябрь 2016
- Создано: 25 Ноябрь 2016
- Просмотров: 8333