2022 жылғы 14 қыркүйекте Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық резервтер департаментінің бастығы Е.В. Бондарьдің төрағалығымен Минск қаласында (Беларусь Республикасы) ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мемлекеттік материалдық резервтерді басқаруды жүзеге асыратын органдар басшылары консультативтік кеңесінің XVIII отырысы өтті.
Іс-шараға Беларусь, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттік резервтерінің басшылары, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Консультативтік кеңес отырысына қатысушыларға ТМД Атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары Л.В Анфимов және Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары А.Ф. Худолеев құттықтау сөз сөйледі.
Отырыс барысында мемлекеттік материалдық резервтер органдары ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Консультативтік кеңес мүшелері 2018-2022 жылдары мемлекеттік материалдық резервтер жүйесін ғылыми-техникалық дамыту, кадрларды қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің базалық ұйымының қызметі туралы есепті мақұлдады. Аталған құжатты ТМД жоғары органдарының одан әрі қарауы жоспарлануда.
Росрезерв сақтау проблемалары институтының азық-түлік тауарлары бөлімінің бас маманы Наталья Хабаның Таймыр түбегіне алтыншы ғылыми экспедиция туралы баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды.
ТМД Атқарушы комитетінің Экономикалық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Теодор Иову Достастық елдерінің туындаған проблемаларға ден қоюдың бірлескен шараларының тізбесі туралы хабардар етті.
Отырыста Қазақстан Республикасының мемлекеттік материалдық резервінің материалдық құндылықтарын жаңарту тәсілдері, мемлекеттік материалдық резервтің Тәжікстан Республикасының ұлттық экономикасына әсер ету факторлары, Беларусь Республикасының жұмылдыру материалдық резервінің материалдық құндылықтарының сандық және сапалық сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операцияларды қаржыландыру тәртібі, Қырғыз Республикасындағы мемлекеттік материалдық резервтер жүйесін дамытудың басым бағыттары және т. б. мәселелер қаралды.
Іс-шараға қатысушылар отырысқа қатысушылардың баяндамаларын талқылап, ТМД елдерінің мемлекеттік резерв жүйелерінің жұмыс істеуінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
ТМД елдерінің мемлекеттік резерв басшылары отырыс қорытындысы бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға шешім қабылдады.
2023 жылы Консультативтік кеңестің кезекті ХІХ отырысы Қазақстан Республикасында өтетінін атап өткен жөн.
- Опубликовано: 14 Сентябрь 2022
- Обновлено: 14 Сентябрь 2022
- Создано: 14 Сентябрь 2022
- Просмотров: 393