2016 жылғы 17 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде (бұдан әрі – Комитет) мемлекеттік материалдық резервтер жүйесінің құрылғанына 85 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болып өтті.
Комитет төрағасы Б.З. Иманәлиев өзінің алғы сөзінде Комитеттің, «Резерв» РМК-ның қызметкерлері мен қонақтарды осы атаулы күнмен құттықтай отырып, мемлекеттік материалдық резервтер саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы Комитеттің рөлін атап өтті және Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 350 Жарлығына сәйкес жүргізіліп жатқан құрылымдық өзгерулер мен жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрамындағы Комитет пен «Резерв» РМК-ның жаңа міндеттері туралы айтты.
Сонан соң Б.З. Иманәлиев еңбектегі жоғарғы көрсеткіштері, ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі үшін қызметкерлерге – Комитет сарапшысы Р.О. Касеноваға және «Резерв» РМК-ның «Стрела» филиалының құюшы-төгушісі П.С. Кондратенкоға, «Еңбек ардагері» медалін тапсырды.
Мемлекеттік материалдық резервтер жүйесінің құрылған күнін мерекелеуге байланысты және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін Комитет пен «Резерв» РМК қызметкерлері Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің ведомстволық наградаларымен және төрағаның алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметке алғаш түскен және сынақ мерзімінен сәтті өткен Комитеттің Мемлекеттік резервті есепке алу және бақылау басқармасының сарапшысы Н.Қ. Ибраев Комитет басшылығы мен әріптестері алдында салтанатты түрде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің антын берді.
Сондай-ақ, отандық мемлекеттік материалдық резервтің тарихи даму жолы баяндалған слайд-шоу көрсетілді.
Іс-шара соңында 1931 жылғы 17 қазандағы Резервтер комитетінің құрылған сәтінен бастап осы уақытқа дейінгі мемлекеттік материалдық резервтің тарихын баяндайтын документті фильм тамашаланды.
- Опубликовано: 25 Октябрь 2016
- Обновлено: 02 Декабрь 2016
- Создано: 25 Октябрь 2016
- Просмотров: 8909